ТІРШІЛІК ТАЛАСЫ

Дүниедегі жан-жануарлардың тіршілігінен ілтипат салып қарасақ талассыз, тартыссыз тұрған заман көрінбейді: даладағы аңдар, ауладағы құстар, судағы балықтар һәнуз бірін-бірі жеуде, бірін-бірі талауда, адам баласының тіршілігіне қарасақ, талас-тартыстан бұлар да құр емес.

Бұл жан-жануарлар арасында тоқтаусыз дауам1 етіп келе жатқан таласты ғылым иесі адамдар тіршілік таласы деп атайды.

Тіршілік таласы деген сөз сондай бір талас, жеңілгенге рақым жоқ, жеңілгеннің күні қараң. Адам балаларының арасындағы тіршілік таласы мен хайуандар арасындағы таластың қаттылық, рақымсыздық жағынан айырмалары жоқ. Бір айырмасы сол: хайуандар тіс-тырнағын жұмсағанда, адам балалары бір-бірінен көбірек ақыл қаруын жұмсайды.

Ғылым, өнер иесі адамдар, яки халықтар тіршілік таласында үстем болып, надан, өнерсіз қалғандар әр-түрлі кемшілікте ғұмыр кешірумен жарлылық, су құйылмаған теректей болып қурап, ақырында дүние жүзінде өзі түгіл атағы да қалмайды.

Біздің қазақтың қарттары да тіршілік етудің қиын екенің сезген. Бұрынғыдан қалған мақал бар: «Мал арыстанның аузында, Түркістанның түбінде, біреу өлмей біреу күн көрмес» деген сықылды.

Тіршілік таласы дегеніміз соңғы заманда берігіректе күшейді. Күшеюге себеп, адам баласының көбеюі, жер-судың тарылуына гәйриләр2.

_________

1   Дауам – жалғасып деген сөз

2   Гәйри – ғайри және басқа кейбір жайлар


 Кең сахарада жайын өскен біздің қазақ баласына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішіне отарбалар салынып, жолдар ашылған соң, күн батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады. Бостаншылықта өскен қазақ ауылына тіршілік таласының қайнаған жерінен шыққан адамдармен қатар, тіршілік етудің оңай емес екендігі тез-ақ көрінеді. Жүздеп жылқы айдап, мыңдап қой айдаған мырзалардың күйі күнгөргішке қалады. Олардан соңғылары малдан айырылып, жалшылыққа, жер-жерге тоза бастады.

Кедейліктен бұрын тума қорлық-зомбылық, ауру-науқас, бұлар да біздің қазақ ішінен мекен тепті: шума, кезік сықылды аурулар қазақ ішіне жайылды.

Қазақ халқының мұндай халге түскені жоғарыда айтылған тіршілік таласына әзірленбей жайын наданшылықта жатқандықтан. Егер ұйқымыздан бас көтермей бұрынғыша жата берсек, шексіз тез заманнан дүние жүзінен көшпекпіз.

Сол себепті, дүниежүзінде қалғымыз келсе, адам баласын гәйри жан иесінен бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым, өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету тиіс.


Ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, тәуекел ердің жолдасы деп ғылым, өнер жолына түсіп, бүтін жұрт үлес алып жатқан дүниеден бізге де үлесімізді алу керек. Ұйқымызды ашпай, қарап жатқаннан тапқан жүлднміз көз алдымызда: Еділ барсақ та, Жайық барсақ та, жер үйде күтір бағып отырған қазақ баласын көресің, қазақ ішіне мұндай қорлықта жүрген шет жұртты көрмейсің. Жоғарыда айтылған тіршілік таласының ғылым-өнерден құрқалғандарға көрсететұғыны осы.

«Өнерлі өрге жүзер» деп қарттарымыз да осындайды айтқан. Көзіміздің нұры ғазиз бабаларымыз келешекте рахатшылықта ғұмыр сүрсін, артымызда дұғашы болсын десек, тіршілік саласында шет милләт (ұлт) балаларынан кем болмастай етіп, оларға ғылым-өнер үйрету тиіс.

Жоғарыдағы тіршілік таласы хақында бір-екі ауыз сөз жазғанымның себебі, біздің қара халық түгел ғылым иесі, жастарымыздың да көбісі төрт жағы құбыла болып, заманымыздың түбінен бихабар ғұмырын ойын-күлкімен өткізіп жүр. Басшылардан үлгі көрмеген соң қара халық бағытынан адасулы.

Құйрықсыз, желкемсіз тіршілік теңізінде бағытсыз жел айдап жүрген кемемізді жұрт кетіп жатқан ғылым, өнер жолына қарай жүргізуді кемешілерімізге де, мінушілерімізге де міндет деп білеміз. Қазіргі бағытта жүрумен тасқа соғылып, су түбіне кетуімізге де шек-шүбе жоқ.