ҰЛТ ҺӘМ ТУҒАН ТІЛ (Патшалық һәм бостандық заманында)
Өнер, әдебиетімізді көркейту, шаруашылық жағымызды ілгері бастыруға еріктіміз. Осы айтылған мақсаттарды жарыққа шығарғанның соңында бізде де күшті ұлттармен қатар, ұлы өзгерістің үстімізге жүктеткен зор міндеттерін атқарған боламыз.
Жалпы өнер-білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнерді таратуға мүмкін емес.
Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілің білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді.
Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тисі. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.
Біз қазіргіде сөз һәм ұлт бостандығы беріліп тұрған заманда ұлы мақсатты жарыққа шығару үшін еркін бостандық өзін өзі басқаратын ұлттар мен мемлекет бірігіп «Халық союзын» құруға борыштымыз. Сонда ғана біздің қазаққа ұқсаған уақ ұлттардың жәбіріне жықпайтын, бар күшін бүтін халыққа бірдей пайда табылатын орындарға жұмсайтын үкімет құрылып, жалпы жұрттың басқарылу құрлысының түп мақсаты табылмақшы. Бүтін халық һәрқайсысы өзі тілегенінше ұлтының білім-өнерін жалпы халық союзының шығарған жолы бойынша орыс халқымен қолға ұстасып өршіте алмақшы. Осы Ұлы Россияны сонда ғана өзінің шын тұрған жері етіп таппақшы.