БАТЫРЛЫҚ

Қазағым заманы өтті батырлықтың

Шаруа келді уағы бақырлықтың

Шаруаңды айт, малыңды бақ, тұр жөніне,

Жолын тұт осылайша мақұлдықтың

Қағылып, соғылатын заман озды

Күнің көр, жайын қара татымдықтың

Тату тұр ағайынмен араз болма,

Қадірін біл қастан айтқан жақындықтың.

Дос айтқан үгіт сөзді қастық санау –

Белгісі ғақыл жағы тақырлықтың.

Құлаққа айтқан сөзді аспағаны

Миы жоқ ыспаты сол ғапылдықтың.

Достықты айтқан үгіт жақсы тындау –

Бейнесі жігіттігі асылдықтың.

Жөн сөзге желке беріп кері шалу –

Ер емес бейнесі ол қатындықтың.

Кім айтса жақсы үгіт сол-ды досың

Парқы жоқ мұсылмандың, кәпірліктің.

Дегенге мен мұсылман нана берме

Жүрген көп ар жағында батылдықтың.