ҚАШАН ҚАДІРІ БІЛІНЕР
Көктен нұрын көшірген,
Жерден набат өсірген,
Сәулесі түссе жан бітіп
Керіліп жансыз көсілген,
Жүнін тастап, жал бітіп
Жалпайып арық есілген,
Жиһан шамы жарық күн
Оның қадірін кім білер?
Тасып тоғай суарған,
Суарса жерді бу алған,
Мұнарытып, буланып
Көк орай шалғын ну алған,
Сарқыраған ағын су
Мұның қадірін кім білер?
Өлсең кірер төсегің,
Тіріде мінер есегің,
Мұздай белі қайыспас,
Мінседағы нешеуің,
Жан-жәндіктің анасы
Жел беткейде панасы,
Жиһанға қолы жетісіп
Ризық шашып таратқан
Сансыз неше мақлұқат
Бір өзіне қаратқан,
Піл сауырлы қара өңді
Жерден шыққан қазине
Кен қадірін кім білер?
Білім нұры жарқырап
Жарық күнге ұсаған,
Шалқып шыққан лебізі
Тасқын суға ұсаған,
Сабырлы келген мінезі
Қара жерге ұсаған,
Жүрегінде асылдық
Жердегі кенге ұсаған,
Көн терілі көнімді
Ер қадірін кім білер?
Ер серігі сенімді
Сер қадірін кім білер?
Ұшқындатып желдетсе,
Бұрқырап бұлт құрсаса,
Күндер неше ұласып
Ашылмасқа ұсаса,
Телегей теріске айналса,
Тел құлындар ұлақса,
Жайма шуақ жарық күн
Сонда қадірі білінер.
Шаңылтақ шілде күн туса,
Тамылжып тамыз түн туса,
Қызыл аңыз жел соқса,
Қызғылт жалын күн соқса,
Өлең қурап, жер кебіп
Құмдай борап шаң шықса,
Сарқыраған жазғы су
Сонда қадірі білінер.
Қалың жауып қар жатса,
Тайғақ көкше мұз қатса,
Үш ай тоқсан кез болып
Арқаңа аяз бұл батса,
Аузын үріп, сыпырған
Азғантайың аңырсып
Көтерем тиіп әр жерде
Көтерші деп ол жатса,
Көңірсіген қара жер
Сонда қадірі білінер.
Ай тұтылып жартайса,
Ел дұспаны марқайса,
Алтын тақтан хан тайса,
Арғымақтан жал тайса,
Үзенгісін шіреніп
Керіліп жаман шалқайса,
Ала болып ағайын
Баққандары дау болса,
Жатқа қылар қару жоқ
Өзді-өзіне жау болса,
Бақыт пен дәулет кем болса,
Ит пен құсқа жем болса,
Дұрыс ақыл ұнамай,
Теріс айтқан ем болса,
Топтан торай шалдырмас
Жат дұспанға елінің
Жетім лағын алдырмас
Көн терілі, көк етті
Кеше бір кеткен иранлар*
Сонда қадірі білінер.
_______________
*Иранлар – жарандар.