ҚАШАН ҚАДІРІ БІЛІНЕР

Жан-жәндіктің анасы

Жел беткейде панасы,

Жиһанға қолы жетісіп

Ризық шашып таратқан

Сансыз неше мақлұқат

Бір өзіне қаратқан,

Піл сауырлы қара өңді

Жерден шыққан қазине

Кен қадірін кім білер?

Білім нұры жарқырап

Жарық күнге ұсаған,

Шалқып шыққан лебізі

Тасқын суға ұсаған,

Сабырлы келген мінезі

Қара жерге ұсаған,

Жүрегінде асылдық

Жердегі кенге ұсаған,

Көн терілі көнімді

Ер қадірін кім білер?

Ер серігі сенімді

Сер қадірін кім білер?