ДОСТЫМА

Жалғанда сенен артық табарым жоқ,

Бойыма әйкел етіп тағарым жоқ.

Кеудеден шыбын жаным шыққанынша,

Көз жазып қараңды үзіп қаларым жоқ.

Еркелеп бөтендерге балаларша

Наз етіп өкпемді айтып, шағарым жоқ.

Хал-жайым көз көрмейтін қараңғы кеш,

Шамшырақ сенен басқа жазарым жоқ.

Жаһанда сенен өзге жарды сүйіп,

Жолында болып асық жанарым жоқ.

Өз еркің ақ етсең де, қара етсең де,

Мойныма бір алған соң танарым жоқ.

Аспан-ау, жер төңірек уысында,

Қарсылық қылар саған амалым жоқ.

Есірке, халімді ая, көзіңді сал,

Тілегім, сонан артық талабым жоқ.

Байлаулы сөзіңді алып шөл баспасам

Берсе де кәусар суын қанарым жоқ.

Дидарың көріп көңіл бір ашпасам,

Тапсам да сегіз ұжымақ қарарым жоқ.